Павлодар облысында ұлы мотоцикл айдағаны үшін анасына айыппұл салынды
Павлодар облысында сот ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамаған әйелден 60 550 теңге көлемінде айыппұл өндірді, деп хабарлайды irbistv.kz.
Полиция қызметкерлері жүргізуші куәлігі жоқ кәмелетке толмаған жасөспірімді мотоцикл айдап жүрген жерінен ұстаған. Осы құқық бұзушылыққа байланысты жасөспірімнің анасы жауапкершілікке тартылды. Сот әйелдің ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамағанын анықтады.
— Л. өз кінәсін мойындап, оқиғадан кейін ұлымен профилактикалық әңгіме жүргізгенін айтты. Сондай-ақ жұмыс істейтінін және баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отырғанын хабарлады, — деп мәлімдеді Павлодар облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.
Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін 20 АЕК, яғни 86 500 теңге көлемінде айыппұл немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамақ қарастырылған. Сот кінәсін мойындауын және асырауында кәмелетке толмаған баласының бар екенін ескерді. Нәтижесінде айыппұл мөлшері 60 550 теңгеге дейін төмендетілді.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.
Фото: magnific.com
