Павлодар облысының тұрғыны шенеуніктерді сотқа берді
Биыл ақпан айында ер адам облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу туралы өтінішпен жүгінген. Алайда оның өтінішін қанағаттандырмаған, деп хабарлайды irbistv.kz.
Басқарма қызметкерлері бұған өтініш беруші ұсынған құжаттардың шынайылығына күмән келтіргенін себеп еткен. Осыдан кейін ер адам сотқа талап арыз берген. Істі қарау барысында басқарма қызметкерлерінің тарапынан заңбұзушылықтар анықталды.
– Ұсынылған құжаттарға қатысты ескертулер болған жағдайда, қызмет көрсетуші өтініш берушіге бас тарту туралы алдын ала шешімін хабарлап, тыңдау барысында өз ұстанымын білдіруге мүмкіндік беруге міндетті. Алайда басқарма тарапынан тыңдау рәсімі жүргізілмеген. Соның салдарынан талап қоюшы өз ұстанымын білдіріп, тиісті түсініктемелер беруге, ал басқарма шешім қабылдау үшін маңызы бар нақты мән-жайларды жан-жақты әрі объективті зерттеуге мүмкіндік ала алмаған, – деп хабарлады Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты.
Сонымен қатар, нақты қандай құжаттардың күмән тудырғаны және олардың шынайылығы неден көрінбегені көрсетілмеген.
Сот басқарманың шешімін жойып, өтініш берушінің өтінішін қайта қарауды міндеттеді. Сот шешімі заңды күшіне енді.
фото: ЖИ
