Павлодарда 102 миллион теңге тұратын тауарды ысырап қылған қоймашы сотталды
Тергеу нұсқасы бойынша, әйел тауарды 2025 жылдың қаңтар айынан бастап сата бастаған, ал бұл жағдай мамыр айында қоймада аудит жүргізілген кезде анықталған деп хабарлайды irbistv.kz. Айта кетейік, бұрынғы қызметкер өз кінәсін мойындамай отыр.
38 жастағы әйел 2018 жылдан бері тауарларды дүкендерге тарататын қоймада жұмыс істеген. Материалдық жауапты тұлға болған. Тергеу нұсқасы бойынша, ол түгендеу жүргізілгеннен кейін бірден тауарды өзі сатуды бастаған. Келесі аудит барысында тексерушілер киндер, рафаэлло, шоколад пен жаңғақ пасталары, шайнайтын кәмпит, мармелад пен маршмэллоу, кофе мен шай қалташалары жетіспейтінін анықтаған. Шығын 102 миллион теңгені құраған. Іс материалдарын зерттеген сот барынша аз мерзімді тағайындады.
- ҚР ҚК 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған ҚАЖ қауіпсіздігі орташа мекемесіне 7 жылға қамау жазасы тағайындалсын, - деп мәлімдеді Павлодар қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы Ғабит Ахметов.
Павлодарлық әйел кінәсін мойындаған жоқ. Соңғы сөзінде оның есепшоттары арқылы мұндай көлемдегі ақша ешқашан өтпегенін, тінту барысында ештеңе табылмағанын мәлімдеді. Тек салғырттық үшін жазалауға болады деп санайды. Үкім заңды күшіне енген жоқ. Айта кетейік, компания 102 миллион теңге көлеміндегі шығынды өндіру туралы азаматтық қуынымды әзірге бермеген.
