Павлодарда мүлік иелері бірлестігі төрағасы тұрғындардың ортақ қаражатын өзіне жұмсаған
Қылмыстық іс бойынша сот отырысы ауданаралық сотта қаралды деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.
2023 жылдың желтоқсанында Павлодар қаласындағы Ломов көшесінде орналасқан көпқабатты үйдің тұрғындары 42 жастағы ер адамды мүлік иелерінің бірлестігіне басшы етіп сайлаған. Алайда ол шамамен жарты жылдан кейін ортақ қаражатқа қызығушылық танытқан. 2024 жылдың маусымынан 2025 жылдың мамырына дейін ер адам пәтер иелеріне тиесілі банк шотын пайдаланған. Ол аталған қаражатқа барлар, асхана, кондитерлік дүкендер, сыра сататын орындарға, азық-түлік және ет дүкендеріне барған. Кей жағдайларда ақшаны банкомат арқылы қолма-қол шешіп алған. Бір жылдан кейін жағдай әшкере болған.
Қаражаттың қайда жұмсалғанын анықтау қиынға соқпаған, өйткені барлық операция банк көшірмелерінде көрсетілген. Осылайша, бүгінде Ломов көшесіндегі үйде тұрмайтын ер адам тұрғындардың ортақ қаражатынан 2,5 миллион теңгеге жуық ақша жымқырған.
Алайда оған жаза тағайындалған жоқ. Ер адам келтірілген шығынды толық өтеп, бұрынғы көршілерімен татуласқан. Сот қаулысымен ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.
-Сот отырысы барысында жәбірленуші тарап мүлік иелері бірлестігі өкілімен. яғни сотталушымен татуласуына байланысты қылмыстық істі тоқтату туралы өтініш білдірген. Себебі қылмыс салдарынан келтірілген залал сотталушы тарапынан толық көлемде өтелген және олардың сотталушыға еш наразылығы жоқ. Сот қылмыстық істі тоқтатудың құқықтық салдарын түсіндіріп, олардың тарапқа түсінікті болғанын атап өтті, - деп хабарлады Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында.
