Павлодарда оқушы туберкулезге күдікпен ауруханаға жатқызылды

Ол облыстық фтизиопульмонология орталығына жіберілген. Қазіргі жағдайы қанағаттанарлық деп бағалануда. Шұғыл хабарлама түскеннен кейін оқу кабинеттері мен ортақ пайдаланылатын орындарға дезинфекция жүргізілді деп хабарлайды irbistv.kz. Сонымен қатар кезекті медициналық тексеруден өту мерзімі келген қызметкерлер шұғыл түрде флюорографияға жіберілуде.

 

Мамандардың айтуынша, тексеруге дейін қызда ауру белгілері болмаған. Ол сабаққа қатысып жүрген. Ал дерт дүйсенбі күні жоспарлы флюорографиялық тексеру кезінде анықталған. Сол күні мектепте және оқушының тұрғылықты жерінде кешенді дезинфекция жүргізілді. Ең алдымен оқушының отбасы мүшелері — анасы мен тағы үш баласы тексеріліп жатыр.

 

-Қазіргі уақытта байланыста болған адамдарды анықтап, оларды медициналық тексеруден өткізу жұмыстары жүргізілуде. Дезинфекциялық қызмет мамандары үйдегі инфекция ошағында және оқушы білім алатын оқу орнында қорытынды дезинфекция жүргізді. Жағдай бақылауда. Инфекция ошағындағы эпидемиологиялық тексеру жалғасып жатыр, - деп мәлімдеді Павлодар қалалық СЭБ басқармасы басшысының орынбасары Гуля Альменова.

 

Эпидемиологиялық тексеру 30 күнге созылады. Санитариялық дәрігерлердің айтуынша, әзірге карантин енгізуге негіз жоқ. Оның үстіне, оқушының диагнозы әзірге алдын ала қойылған. Сыныптастарына да Манту сынамасы жасалды.Мамандар туберкулездің емделетін ауру екенін еске салады. Ең бастысы — дертті дер кезінде анықтап, емдеуді уақытылы бастау.

 

Фото: magnific.com