Павлодарда пластмасса өндіретін цехтың шатыры өртенді
Павлодардағы Циолковский көшесінде орналасқан өндірістік цехтың шамамен 550 шаршы метр шатыры өртенді, деп хабарлайды irbistv.kz.
Өрт пластмасса бұйымдары шығарылатын бір қабатты өндірістік ғимараттың шатырынан басталған. Өрт сөндірушілер келген кезде жалын шамамен 550 шаршы метр аумаққа таралған. Құтқарушылар бірден өртті сөндіруге кірісті. Жұмыс барысында шатырдың бір бөлігінің опырылып түсуі қиындық туғызды.
— Оқиға орнында жедел штаб құрылды. Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары жұмылдырылды. Олардың қатарында өрт сөндірушілер, құтқарушылар және Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері бар. Барлығы 22 адам және 7 техника тартылды, — деп хабарлады Павлодар облысының ТЖД.
Өрт толықтай сөндірілді. Жалын кәсіпорын аумағындағы басқа ғимараттарға тараған жоқ. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.
