Павлодарда той кортежінде жүргендерді жазалады

 

 

Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, көлік тұрағында шампан атқан той кортежінде жүргендерге әкімшілік хаттама толтырылды, деп хабарлайды irbistv.kz.

 

Той кортежі түсірілген бейнені қалыңдық TikTok желісіне жүктеген. Желідегі бұл кадрлар тәртіп сақшыларының да назарына ілікті. Алайда полиция «лайк» пен репосттың орнына видеодағы тәртіп бұзушылардың барлығын тауып, жауапқа тартты.

 

Кадрлардан көліктердің қауіпті қозғалғанын байқауға болады: кортеждегілер жарыс ұйымдастырып, бір көлік артпен жүрген, ал жолаушылар терезеден денелерін шығарыпты.

 

«Апаттық жағдай туғызған және жолаушыларды тасымалдау талаптарын бұзған жүргізушілерге қатысты әкімшілік материалдар рәсімделді. Бұдан бөлек, әуежай тұрағында шампан атып, қоғамдық тәртіпті бұзған кортеждің 19 жастағы қатысушысы анықталды», — деп хабарлады Павлодар облыстық ПД.

 

19 жастағы жігіттің ісі сотқа жолданып, шешім бойынша оған айыппұл салынды.

 

Фото: Павлодар облысы ПД