Павлодарда туысы жоқ адамды жерлеуге шамамен 84 мың теңге бөлінеді
Биыл бюджеттен осы мақсатқа 29 миллионға жуық теңге қарастырылған. Қаражат көлемі жыл сайын аздап өсіп келеді деп хабарлайды irbistv.kz. Алайда жерленетін адамдардың саны, әдетте, өзгермейді.
Жаңа православиелік зиратта жерлеу қажет болған жағдайда әрдайым алдын ала қазылған дайын қабірлер бар. Арнайы бөлінген аумақта бірдей кресттер орнатылған, барлығы белгіленген стандартқа сай. Мердігер әкімдікпен жасалған келісімшарт бойынша жұмыс істейді. Келісімге сәйкес жыл сайын қаржы бөлінеді. Биыл 345 адамды жерлеуге қаражат қарастырылған.
-Бір адамды жерлеу құны — 83 890 теңге. Бұл сомаға қабір қазу, табыт, жазуы бар крест, жерлеу рәсімін атқаратын адамдардың еңбегі және катафалк қызметі барлығы кіреді. Әрине, қарапайым адамды жерлеу құны бұдан 2–3 есе қымбат болады. Бірақ бюджет шектеулі, бөлінетін қаржы осы мөлшерде болғандықтан, біз осы қаражат көлеміне сыйдыруға тырысамыз, - дейді мердігерлік ұйым директоры Анатолий Конвишер.
Православ дінін ұстанушыларды жаңа зиратқа, ал мұсылмандарды, тиісінше, ислам дінін ұстанушыларға арналған зиратқа жерлейді. Мұндай жерлеу рәсімдері тұрақты тұрғылықты жері жоқ адамдарға, жалғызбасты азаматтарға, сондай-ақ адам денесінің жекелеген бөліктеріне қатысты жүргізіледі. Медициналық ұйымдардан ампутацияланған аяқ-қолдар мен жетілмеген нәресте қалдықтары да зиратқа жеткізіледі. Олардың барлығы арнайы пакеттерге салынып, салмағы кемінде 40–50 келіге жеткеннен кейін жер қойнына тапсырылады. Мұндай жағдайда қабір басындағы крестке «жою» деген жазу қойылады. Айта кетейік, бұл жерден өзінің туысын іздеуге мүмкіндік бар. Ол үшін мердігер ұйымға жүгіну жеткілікті. Алайда жерленгеніне көп жыл болған жағдайда, қабірдің нақты орналасқан жерін анықтау қиын болуы мүмкін.
Фото: magnific.com
