• Басты бет
  • Оқиғалар
  • Павлодарда жерасты өткеліндегі төбе конструкциясын сындырған ер адам жауапқа тартылды

Павлодарда жерасты өткеліндегі төбе конструкциясын сындырған ер адам жауапқа тартылды

 

 

Павлодарда ер адам жерасты өткеліндегі төбе конструкциясына асылып көрмек болған. Соның салдарынан бекіткіштерді зақымдаған, деп хабарлайды irbistv.kz.

 

Оқиға 21 қыркүйекте Академик Сәтбаев көшесіндегі жерасты өткелінде болған. Бақылау камераларына түсіп қалған видео әлеуметтік желілерде жарияланып, полиция қызметкерлері де бұл жағдайға назар аударған. Құқық қорғау органдары хаттама толтырып, істі соттың қарауына жолдаған.

 

-Аталған әрекеттер қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзды. Осылайша, азамат В.-ның әрекетінен қоғамдық тәртіпті бұзудан көрінген ұсақ бұзақылық белгілері байқалады. Сот отырысында азамат В. өз кінәсін мойындап, шынымен жоғары қарай секіргенін және жарық қорабына қасақана емес тиіп кеткенін түсіндірді. Ол қоғамдық жұмыстарға тартуды сұрады, - деп хабарлады Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.

 

Істің мән-жайын, құқық бұзушының жеке басын, кінәсін мойындағанын, жасаған ісіне өкінгенін және құқық бұзушылықты алғаш рет жасағанын ескере отырып, сот оған 20 сағат мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі әкімшілік жаза тағайындады.

 

Скриншот: tipavlo парақшасынан алынды