Павлодардағы ірі сауда орталығы отқа оранды
Сауда үйінің күзетшісі өрт туралы ТЖД пультіне түнгі сағат бірде хабарлаған. Бүгін ғимарат ішіндегі тауары үшін алаңдап жиналған халықтың қарасы қалың.
- Мен мұнда ет сатамын. Енді ол жарамсыз болып қалды. Түтіннің иісі болады ғой. Тым болмаса тоңазытқыш жабдықтар сақталған шығар, - дейді кәсіпкер Айбек Әбелдинов.
Сауда үйінің жалпы алаңы 7 мың шаршы метрден асады. Оның ішінде төрт мыңға жуығы сауда ғимараттары. Негізінен азық-түлік, киім-кешек пен басқа да бұйымдар сатылған. Дегенмен де аталмыш сауда үйін осыдан екі жыл бұрын тексергенде он шақты ереже бұзушылықты анықтапты. Ал қазір ТЖД шағын және орта бизнес нысандарына жарияланған мораторийге байланысты олардың өрт қауіпсіздігін тексере алмайды.
- Бұл нысандар үш жылдың ішінде тексеріске жатпайды. Тексерістер тек ғана кәсіпкерлік кодекс бойынша түскен арыз шағымға байланысты жасалады. Тек өрт қауіпсіздіктері туралы ақпаратттық түсіндіру жұмыстарын жүргізумен айналысамыз, - деді, Павлодар облысы ТЖД басшысы Ернұр Утегенов.
Жалын кезінде екінші қабаттың шатыры опырылып қалған. Өртке қысқа тұйықталу себеп болған деген болжам бар. Бақытқа қарай жапа шеккендер жоқ. Қазіргі таңда өрттен келген шығын мен оның нақты шығу себебін мамандар анықтауда.
