Павлодарлық мектеп оқушылары өткір иістен өздерін нашар сезінген
Павлодар қаласындағы мектептердің бірінде оқушылар хлордан өздерін нашар сезініп, ауруханаға жүгінген. Алдын ала мәлімет бойынша оған оқу кабинетінде жатқан қандай да бір таблеткалардың иісі себеп болған деп хабарлайды irbistv.kz.
Оқиға 12 қазан күні екінші математика сабағында болған. Мектеп әкімшілігінің айтуынша 6-сынып оқушылары парта астынан белгісіз екі таблетканы байқаған. Оның өткір иісі бірден әсер еткен.
- Балалардың сөзі бойынша таблетканың бірі үгітілген болған. Сосын біреу жақындап көрем дегенде иісінен өзін аздап нашар сезінген. Одан кейін тағы үшеуі жақындаған. Төртеуі де бірден мектептегі медпунктке жүгінген. Ешқайсысында айтарлықтай ауыр жағдай болмады, - дейді Павлодар қаласы №11 ЖОББМ басшысының орынбасары Дәурен Тұрсынбеков.
Мектеп әкімшілігі бұл оқиға туралы бірден ата-анасын, полиция мен білім бөлімін хабардар еткен. Ал кешке ата-аналар 4 баламен өздігімен ауруханаға жүгінген. Аталмыш дерек бойынша ғимарат ішінде тексеріс жүргізілген.
-Ата-аналар келгенше біз бұл таблеткалардың дихлор екенін анықтадық. Ол біздің мектепте қолданылмайды. Бізде тазалау жұмыстарына басқа фирма мен марканың дихлоры пайдаланылады. Біз ДПТ 2 деген маркасын қолданамыз. Бұл таблеткаларды балалардың өздері әкелген деп болжап отырмыз. Бірақ кім әкелгенін білмейміз. Себебі біз балалардың сөмкесін ақтара алмаймыз, - дейді басшының орынбасары.
Қазіргі таңда оқушылардың денсаулығына еш қауіп жоқ. Барлығы ертеңінде сабаққа келген. Мектеп әкімшілігі математика пәні мұғаліміне сөгіс жариялаған. Мұны педагог бірден әрекет етпеді деген себеппен жасаған.
Бибінұр Хамитқызы
